2 мамыр күні БАҚ өкілдері арасында спартакиада өтті. Бұл спорттық шара «Жетісу» және «Огни Алатау» газеттерінің 100 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылды. Жарысқа 100-ге жуық адам қатысып, спорттың 4 түрі бойынша  бақ сынасты. Спартакиадаға кірген спорт түрлерінің ішінде шағын футбол бәсекесі  республикалық деңгейде ұйымдастырылды. Оған еліміздің әр аймағынан онға жуық команда қатысты. Бұл жарыста Оңтүстік Қазақстан облысының тілшілері топ жарды. Олар финалда қызылордалықтарды ұтты. Қола медал «Хабар» телеарнасының жігіттеріне бұйырды. Үстел теннисіне 12 ойыншы қатысты. Бұл сайыс та аса тартысты жағдайда өрбіді. Осы сында «Жетісу» телеарнасының тілшісі Мұхит Тоқтасын да өзіндік өнерімен көзге түсіп, қола жүлдеге ие болды. Волейбол бәсекесінде Жетісу теленарнасының құрама командасы жақсы дайындық деңгейін көрсетті. Әріптестеріміз барлық қарсыласын айқын басымдылықпен ұтып бас жүлдені жеңіп алды. Бильярд ойыны да қызықты өтті. Бұл бәсекеге 12 адам қатысып, өзара 2 топқа бөлінген. Айналмалы жүйе негізінде жеңімпазды анықтады. Жарыс соңында жүлдегерлерді марапаттау рәсімі ұйымдастырылды. Жеңіс тұғырына көтерілген спортшыларға арнайы кубок пен медальдар және ақшалай сыйлық табысталды.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Сіздің есіміңіз