Талдықорғандағы тыныш аудандардан тыныштық кете бастады. Арнамызға хабарласқан тұрғындар осылай деп мұң шағады. Олар өздері тұрып жатқан шағын аудандардағы кейбір ойын-сауық кешендерінің жұмыс істеу кестесіне наразы. Әсіресе, ел-жұрт ұйқыға кетер кезде көңіл көтеру орындарында айғай -шу басталады екен. Тіпті кейбір кешендерде төбелес үзілмейтін көрінеді. Соның кесірінен тұрғындар дұрыс ұйқтау түгілі түнде далаға шығудан қорқып қалған. Сөзімізге дәлел, ел-жұртты шошытқан осындай жайт кеше түнде үшінші ықшам ауданда болды. «Статус» ойын-сауық кешенінің алдында белгісіз біреу бірнеше мәрте оқ атқан. Оны куәгерлердің бірі ұялы телефонына түсірген екен. Облыстық ІІД мәліметінше, тапаншамен аспанға оқ атқан 21 жастағы азамат ұсталған. Қылмыстық іс қозғалып, сот алды тергеу жұмыстары жүріп жатыр. Ал тыныштықты ғана көксеген тұрғындар ойын-сауық орталықтарының жұмыс істеу уақытына заң бойынша шектеу қойылса дейді. Бұл мәселеге байланысты біз апта соңына дейін журналистік зерттеу жүргізуді қолға алмақпыз. Сондықтан, айтар уәждеріңіз болса 41-09-52 нөміріне хабарласуларыңызға болады. Немесе редакция тілшілеріне жолығуларыңызды сұраймыз.

Сайт редакторы

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Сіздің есіміңіз