Әріптестерімізге медаль тақты

15 декабря 2016
(2 голосов)

Бір мезетте марапатталған 127 адам. Кеше Талдықорғанда өткен "Тәуелсіздік форумында" әр түрлі салада еңбек етіп жүрген, ел дамуына сүбелі үлес қосқан жандар наградталды. Оларға облыс әкімі Амандық Баталов  «Парасат», «Ерен еңбегі үшін», «Құрмет»,  ІІІ дәрежелі «Еңбек Данқы» ордені, «Шапағат», "Тәуелсіздіктің 25 жылдығы" мерейтойлық медалі мен ҚР Құрмет грамоталарын табыс етті. Құрмет көрсетілгендер қатарында ардагерлер, журналистер, еңбек адамдары, мұғалімдер, дәрігерлер, мемлекеттік қызметкерлер бар. Сонымен қатар, бірнеше тұлғаға Алматы облысының Құрметті азаматы атағы берілді. Ал, салтанатты шара соңында көрсетілген  3D шоу қала тұрғындары үшін тосынсый болды.

"50 жылда ел жаңа". Ал, Қазақстанның азаттық алғанына - ширек ғасыр. Қазір еліміздің әр өңірі артта қалған 25 жылға есеп беріп жатыр.. Тәуелсіздік тойына арналған форумға үш мыңға жуық адам қатысты. Салтанатты жиында сөз алған облыс әкімі Амандық Баталов тәуелсіздік жылдарында жеткен жетістіктердің бірсыпырасына тоқталып өтті. Және Жетісу жұртшылығын ел дамуы жолында бірлесіп еңбек етуге шақырды.

АМАНДЫҚ БАТАЛОВ- АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
Тәуелсіздік жылдары облыс халқы 2 млн-ға жетті. Өңірлік жалпы өнім 15 есе өсті. Облыс бюджеті 1997 жылы 11 млрд болса, қазір 410 млрд. Біз тарихымыздан тағылым, өткенімізден өнеге алған халықпыз. Мәңгілік ел мұратына қадам басқан тәуелсіз еліміз гүлдене берсін, ағайын! Барлық жетісулықтарды Тәуелсіздік мерекесімен тағы да құттықтаймын.

25 жылда экономиканың барлық саласында, оның ішінде білім саласында да үлкен реформалар жүргізілді. Облыс басшысынан соң жетісулықтарды Астанадан арнайы келген Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев құттықтады.

ЕРЛАН САҒАДИЕВ - ҚР БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРІ
5 ұлттық заң қабылданды. Оның ішінде білім, ғылым туралы заңдар. Қазақстанда білім беру халықаралық стандарттарға сәйкес құрылды. Тағы бір өте маңызды бағыт-қазақ тілін кеңейту мен дамыту. 75 пайыз қазір балалар қазақ тілінде оқып жатыр. Биыл ҰБТ-ға келген 80 пайыз бала қазақ тілінде тапсырды. Баршаңызды еліміздің 25 жылдық мерейтойымен құттықтаймын, әр отбасына амандық тілеймін!

Министр құттықтау сөзінен соң, облыс әкімі Амандық Ғаббасұлына Президенттің жарлығы бойынша "ҚР Тәуелсіздігіне 25 жыл" медалін табыс етті.

Мұнан соң мемлекеттік награда алғандар марапатталды. Алдымен, 4 азаматқа "Парасат ордені" табысталды. Солардың қатарынада Қарасай ауданының әкімі мен 16 жылдан бері Қарасай,  Жамбыл, Талғар аудандарына өз ақшасына табиғи газ тартып келе жатқан кәсіпкер МОЛДИЯР НҰРБАЕВ марапатталды. Айта кету керек, бұл бизнесменнің арқасында қазір 72 мың үй газбен қамтылған.

МОЛДИЯР НҰРБАЕВ -  "АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНЫҢ ГАЗ ШАРУАШЫЛЫҚТАРЫНЫҢ ҚАУЫМДАСТЫҒЫ" ЗТБ ТӨРАҒАСЫ
Өте қуаныштымын. Менің жасым 67-ге келеді. Осындай жасқа келгенде 2 орден алсаң қандай қуаныш болады?! Еліміз жайнай берсін! 25 жылдығымыз созылып, өмірлік осылай болсын. Егемендіктің қызығын бала-шағамыз көрсін. Еліміз, жұртымыз тыныш болсын!

МАХАББАТ БИГЕЛДИНОВ- ҚАРАСАЙ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ
Елбасының жарлығымен "Парасат орденінің" иегері болдым. Бұл- менің және әріптестерімнің, Қарасай халқының елеулі еңбегінің жемісі деп ойлаймын. Қазақ елін тәуелсіздік мерекесімен құттықтаймын.

Ауылшаруышылығы саласы мамандарының да еңбегі еленді.  2015-те біраз жылдан бері тоқтап тұрған Көксу қант зауыты іске қосылған болатын. Салтанатты шарада зауыт басшысына "Құрмет ордені" табысталды.  Жалпы, бұл марапат 27 адамға бұйырды.

КӨКСУ ҚАНТ ЗАУЫТЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ
Биылға біздер біраз модернизация, реконструкция жасап, қант зауытын жандандырдық. Оған біраз қаражат бөлінді. Бірінші этап өтті, енді қазір екінші этапқа дайындалып жатырмыз.

Райымбек ауданындағы "Айғайтас" ЖШС 2000-жылдан бері сиыр мен жылқы  тұқымын асылдандырумен айналысып келеді. 2010-жылдан бері астық өндіруге де бет бұрды. Бүгінгі жиында 3-дәрежелі "Еңбек даңқы" орденін алған 5 адамның ішінде аталмыш шаруашылықтың басшысы да болды.  

ҚАЙРОЛЛА ҚҰРАҚБАЙҰЛЫ- "АЙҒАЙТАС" ЖШС ТӨРАҒАСЫ /Бұл тек қана менің емес, бүкіл ауданның елдің еңбегін елбасының бағалағаны деп түсінем. Биылғы жылы 5000 га жерге астық егіліп, га 30 центнерден астық алынды. Елге арзан бағамен бірінші, жоғары сұрыпты ұнмен қамтамасыз етті. Және асылдандыру бағытында 300 ірі қара, 1000-ға жуық жылқы бар./

Жамбыл ақын айтқандай "еткен еңбек төккен тер, қалай түкке татымас?". Бұл азаматтар сол еңбегінің жемісін көрді. Амандық Баталов, сондай ақ, "Ерен еңбегі үшін" дейтін әркімнің қолы жете бермейтін медалді иелеріне табыстады. Олардың саны 40.  Мақтана айта кететіні- марапатталғандардың қатарында журналистика саласының ыстығына күйіп, суығына тоңған, өсуіне өре түрегеліп қызмет еткен мамандар бар. Бірі- "Жетісу" телеарнасының бас директоры Бейсен Құранбек, тағы бірі- осы арнаның бұрынғы басшысы қазір "Өлке тынысы" серіктестігінің бас директоры Мейрам Базарұлы.  

20 жыл бойы жәутеңкөз балаларға шапағатын тигізген Тұяқ Есқожина "Шапағат" медалімен марапатталды.  Бұдан бөлек тағы 11 адам аталмыш марапатқа лайықты деп танылды.

ТҰЯҚ ЕСҚОЖИНА "НҰР" ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ БАЛАЛАР ҮЙІНІҢ ДИРЕКТОРЫ /Осы уақытқа дейін 626 бала шығардым. Оның 350-і жоғары білімді. Қалғандары колледждерді бітіріп, Қазақстанның түкпір-түкпірінде еңбек етіп жүр. Елімізде жетімдер болмасын! Айтатытым, рахмет Елбасына, осындай бізге жұмыс істетіп, қол үшін бергеніне, бүгінгі мені "Шапағат" медалімен құттықтағанына көп-көп рахмет айтам. /

Сонымен қатар, 6 азаматқа Алматы облысының Құрметті азаматы мен мерейтойлық медальдар қатар берілді. Қос марапатты қатар алған азаматтың бірі- өнер саласында ойып алар орны бар, әнші-сазгер БАҚБЕРГЕН АСҚАРБЕКОВ.  

БАҚБЕРГЕН АСҚАРБЕКОВ - ҚР ЕҢБЕК СІҢІРГЕН ҚАЙРАТКЕРІ /Қуанышымда шек жоқ менің. Алматы облысының Құрметті азаматын беріп жатыр. Тәуелсіздік медалімен марапаттап жатыр. Одан артық қандай бақыт керек?! Осы еңбекті ақтаймын деп еліме, халқыма, Президентіме, Облыс әкіміне уәде берем! Осының бәрі менің жетісулық халқымның арқасында деп ойлаймын. Сол кісілер менің еңбегімді бағалады. Көп рахмет! Ризамын!/

Төсбелгілермен қоса тағы 27 адамға Құрмет грамотасы берілді. Марапаттау рәсімінен соң голографиялық 3D-шоу көрсетілді. Онда қазақ халқының тарихында болған ең ірі 25 жеңіс пен жетістік көрсетілді. Қазіргі заманғы технологиялардың көмегімен көрермендерді бір сәтке сонау Сақ дәуіріне, одан бүгінгі Астанамызға алып барып, Байқоңырдан ғарышқа сапар шеккендей күй кештірді.

Салтанатты шара соңы қазақ эстрада жұлдыздарының қатысуымен өткен концертке жалғасты.

Байланыс

Координатор: 8 (7282) 41 09 39

Жаңалықтар: 8 (7282) 41 09 52

Жарнама: 41 09 47, 41 09 49

040000, Талдықорған қаласы, Балапанов көшесі, 28.