Балалық шақтың бал дәмі

08 декабря 2016

 Жастайымнан атам мен әжемнің бауырында өстім. Күләтай апамның маңдайымнан сипайтын ыстық алақаны мен қазақтың даласындай кең құшағын әлі күнге дейін сағынамын. Балалықтың бейқам кездері сондай тамаша еді ғой. "Алпыс жылдық" (қазіргі "Жасталап") ауылының арғыыыы жағында шөбі шүйгін, егінге де жайлы жер болатын. Атамның отар-отар қойлары жайылыыып жүретін. "Айдалада ақ отау" деген бар еді ғой, сол сияқты жапан түзде біз (апам, атам және мен) тұратын "қызыл там" болатын. Әрине айдаладағы қызыл тамда электр қуаты болған жоқ. Оның орнына күн батқанда әжетайым білтелі шамды жағып, үстелдің дәл ортасына қоятын. Ымырт үйірілгенде мен айқайға басып жылайды екенмін. Әжемнің айтуынша, күнді қимаппын. Атам өте батыл, ержүрек адам болды. Тіпті қасқырлармен дәл "Шал" фильміндегі кейіпкер сияқты жалаң қолмен жайратып салған кезі де болған. Кеш батысымен Күлаш апам маған ертегі кейде батырлар жырын айтып беретін. Әдебиетке сол кезден-ақ қанып өстім. Атам да арасында өз білгендерімен қайысты тіліп отырып бөлісетін. Түн күнге қарамай қамшы өретін. Кейде домбырамен ән де шырқап беретін. Өмірімде екі оқиға ұмытылмайды. Бірі - ең алғаш дала тағысының үнін естіген күн. Екіншісі ­- аждаһа әп-жыланмен бетпе-бет кездескен күн. Қасқырдың ұлығанының қаншалықты ауыр әрі әсерлі болатынын ең алғаш сол күні сезіндім. Бір жағынан үрей, бір жағынан көк бөріні көруге деген ниет болды. Атам көк білтелі мылтығын алып аспанға бір-екі рет гүрсілдетіп оқ атты. Қос бөрі қыңсылаған күйі қараңғы жаққа жұтылып кетті. Ал әбжыланмен кездесуім мүлдем күтпеген жерден болды. Апам киіздің үстінде, күншуақта жүн сабап отырған, ал мен артында үйдің іргесінде ойнап тұрдым. Үй іргесі қара смоламен боялған, тұсі қап-қара. Бір уақытта фундамент жыбырлап тұрғандай болды. Қолыма сұп-суық бір нәрсе тиді. Үстінде қызыл жолағы бар, тілі жалаңдап тұр. Мен қорыққаннан шыңғырып жібердім. Апам шошып түрегелді. Іргедегі шағын тесікке көмірдей қап-қара жылан сүңгіді де кетті. Апам мені шағып алды екен деп зәре құты қашып, өңі құп-қудай болды. Қолымды қайта - қайта қарады. Сөйтсем, бұл қызыл тамда жыланның ордасы бар екен. Атам бұрын қарлығаштың балапандарын жұтып, құстарға әлімжеттік көрсеткен аждаһаны өлтіріп талай тіршілік иесіне қуаныш сыйлапты. Өлген жыланның айналасына қарға, торғай, сауысқан тіпті көкекке дейін жиналып той жасағандай секектеп жүріпті. (Атам өзі таңқалып айтып отыр) Бірде Күлаш апам сиыр саууға шыққанда басы айналып, жер сілкініп жатқандай әсерде болыпты. Сөйтсе қарама-қарсы бетте сұр жылан қалшиып қарап тұрыпты. Жыланның арбауының қандай боларын сол кезде сезіндім дейді апам. Табиғатпен үндестік тек ауылда ғана бар сияқты. Қаланың қарбаласында жүріп сондай қызықты, қайталанбас сәттерді сағынады екенсің.

Сания Байтарова

Байланыс

Координатор: 8 (7282) 41 09 39

Жаңалықтар: 8 (7282) 41 09 52

Жарнама: 41 09 47, 41 09 49

040000, Талдықорған қаласы, Балапанов көшесі, 28.