Ұят (аңыз)

09 июля 2015

 Баяғы заманда адамдар арасында Ұят деген сұлу өмір сүріпті. Тым нәзік, әркімге көмектесуге құлшынып тұратын, қиянатқа қас, мазасыздау жан екен. Сұрағы көп. Күндіз ешкім маңына жолатпағаннан кейін түнделетіп елдің мазасын алады. Ұят ұйықтап жатқан адамды түртіп оятып:

– Сен бүгін не істедің, не бүлдірдің? – деп сұрайды екен.

– Баршы, ей, ештеңе бүлдірген жоқпын, – деп Ұятты қуып жіберетін адамдар содан кейін көз іле алмайды: Не бүлдірдім, не істедім, ә? – деп таң атқанша дөңбекшіп, ойланумен болады. Күндердің күнінде Ұяттан мезі болған шаруалардың бірі:

– Әй, осы сен бізді мазалай бермей ана Байға барсаңшы, сенің

сұрақтарыңа сол жауап бере алар? – дейді. Байдың күнәсі көп екен, біреудің жерін тартып алған, біреудің ақшасын жеп қойған... Ұят түнде соған барады. Түртіп оятып:

– Байеке, сіз бүгін не бүлдірдіңіз? – деп сұрайды. Ауылдастарының ешбірі мұндай сұрақ қойып көрмеген Байдың ашуы бетіне тебеді:

– Не оттап тұрсың? Не бүлдіруші едім?

– Ана шаруаның жерін тартып алыпсыз, ендің біріне ақшаны үстемемен беріп, зар еңіретіпсіз...

– Ой, ақымақ, жоғал! Олар менің жерімде жүр, ақшама жан бағады! Сен болсаң мені жазғырмақсың... Жоғал!

Ұят ару бұрышқа тығылып, бүрісіп отырып қалады. Бай болса осыдан кейін ұйықтай алмайды. Көзін жұмса жылаған, жалбарынған шаруалар елестеп, есі шығады. Ақыры барлық кедейден тартып алған жер мен мүлікті иелеріне қайтарып бермекке бел буады да онысын Ұятқа айтады.

Ертеңгісін Байдың бұл шешімін естіген ағайын-туысы өре түрегеледі.

– Мынаны жын қақты!

– Есі ауысты!

– Кедейге бәрімізді жығып бермек! Сайқал Ұятқа ғашық болып қалған-ау...

Осыдан кейін Бай ойынан айнып қалады. Ұятқа:

– Сен ренжіме, ағайындарым ашулы. Уәдемді бұзамын, – дейді. Ұят нарттай қызарып кетеді. Оған жаны ашыған Бай:

– Осы сенің сұрағың көп, соны патшаға қойсаңшы? Ол – ғұлама ғой, – дейді. Мұны көпшілік те қолдайды. Бәрі «әділ, халық үшін жаралған, пайғамбар» деген дақпырты жер жарған патшаға қарай шұбырады. Барса патша ойға шомып отыр екен. Шаруалардың бірі жөткірініп, келген шаруаларын айтады.

– Мына Ұяттың сұрағы көп, «ананы неге олай еттіңдер, мынаны неге олай істедіңдер, былай болмайды ғой», деп әбден мазамызды алды. О, ғұлама, осының бір шешуін айтып, мына мазасызды сабырға келтірші?! – дейді. Патша мырс етеді:

– Осыған бола сабылып жүрсіңдер ме? Сендер былай етіңдер, адамға не істеуге болады, не істеуге болмайды қағазға жазыңдар. Мен оқып, түзетіп, мөрімді басып, рұқсатымды берейін. Сол Заңмен өмір сүресіңдер! Ұят та тыныш ұйықтайтын болады, – дейді. Бәрі қуанып кетеді. Ұят та. Ел жазып патшаға ұсынады, ол екі-үш күн түртіп, құлаш-құлаш қағазды бөлшектеп, шаруалардың қолына ұстатады.

         Арада күндер өтеді Ұят шаруалардың арсыздығы үдегенін байқайды.

– Мынауың не? – деп анаған барса да: – Міне, Заң рұқсат етеді, – деп патша берген қағазды көрсетеді, мынаған барса да сол қағазды көлденең тартады. Бай тіптен есіріп кеткен. Оған шағым айтайын десе қазыға жүгініп, ақыл сұраудың өзін ақылы етіп қойған. Шаруалар мүсәпір болып қалады. Масқара тірлікке күйіп кеткен Ұят шыдамай түнделетіп патшаға барады. – Данагөйім-ау, сіз не бүлдірдіңіз, елдің бәрін арсыз еттіңіз ғой, – дейді Ұят жыламсырап. Жастықтан басын жұлып алған патша, сәл ойланып қалады да айғайға басады:

– Әй, арсыз қыз, менің бөлмемде не істеп жүрсің? Ойнас болмақсың, ә... Күзетші, мына бұзылған қызды тез тұтқындаңдар!

Сөйтіп патша Ұятты шынжырға байлатып қойыпты. Сенде Ұят бар дейді ғой?, – дегендерге шашы жалбырап, үсті сауыс-сауыс болған әйелді көрсетеді екен. Бір күні қараса Ұят өліп қалыпты. Сайға сүйретіп тастайды. Содан беріде ол елде ешкім Ұят сұлуды есіне алмайтын болыпты.

"Құлжа сақа", Серік Әбікен.

 

 

 

 

 

Байланыс

Координатор: 8 (7282) 41 09 39

Жаңалықтар: 8 (7282) 41 09 52

Жарнама: 41 09 47, 41 09 49

040000, Талдықорған қаласы, Балапанов көшесі, 28.