Б.Әшімовке 100 жыл

19 октября 2017
(0 голосов)

 Биыл мемлекет және қоғам қайраткері, Социалистік Еңбек Ері Байкен Әшімовке 100 жыл. Осынау мерейтойға орай, Абай атындағы мемлекеттік академиялық опера және балет театрында салтанатты кеш өтті. Елбасының Рухани жаңғыру мақаласы аясында өткенімізді ұлықтап, жас буынға таныту мақсатында, Алматы қаласы әкімдігінің ұйымдастырды

 Көзі тірісінде еліміздің абыз ақсақалы атанған Байкен Әшімовке арналған кеш, елім деген ердің өсиет-аманаты жазылған бейнефильммен ашылды. Салтанатты жиында мемлекет және қоғам қайраткерінің өнегелі өмір жолы ұлықталып, Парламент Сенаты мен Мәжіліс төрағалары және мемлекет хатшысының құттықтау хаттары оқылды. Есімі ел аузындағы тұлғамен қатарлас, қанаттас қызмет еткен ел ағалары Әшімовтің әділдігін, адамгершілігін, іскерлігін еске алды.

 Байкен Әшімұлы Ақмола өңірінде туған. Аштықты бастап өткеріп, зеректігімен 15 жасында Көкшетау техникумын, кейін Қызылжардағы ауылшаруашылығы техникумын бітіреді. Фин, екінші дүниежүзілік майдандарға қатысып, соғыстан соң, Ленинградтағы зоология және фитопотология институтының агроном-ғалым мамандығын алып шығады. Көкшетау, Қарағанды, Талдықорған облыстарын басқарған іскер азамат, табандылығымен тың жерлерді игеру, ауыл экономикасын көтеру, өнеркәсіпті дамыту жұмыстарына белсене араласқан ел тұлғасын ұрпағы да мақтан тұтады.

 Елім деп аянбай еңбек еткен ерді артындағы елі ұмытпайды. Өрісімізді кеңейтіп, елдігіміздің іргесін бекітіп, тәуелсіздігіміздің шаңырағын көтерген 20 ғасырдағы аға буынның бірегейін ұлықтап, рухына бағышталған кешке туған өлкесі мен еңбек еткен өңірлерден арнайы басшылар келіп қатысып, көптің ризашылығына бөленді.

 Жаным -арымның садағасы. Осы бір қағиданы Әшімов жалынды жастық шағы тұрғай, Министрлер Кеңесінің төрағасы, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының төрағасы қызметтерін атқарған тұста да өміріне қазық етті. Адал еңбек, қарапайым қылығымен алаш жұртының абыройына айналған биік тұлға, Мәңгілік елдің мақтанышы болып қала бермек.
Жазира Исаева, Аманжол Жонкешов, Жетісу телеарнасы

Байланыс

Координатор: 8 (7282) 41 09 39

Жаңалықтар: 8 (7282) 41 09 52

Жарнама: 41 09 47, 41 09 49

040000, Талдықорған қаласы, Балапанов көшесі, 28.