ҰБТ сынағындағы өзгерістер

05 января 2017
(0 голосов)

Мектеп бітіруші түлектердің барлығы ҰБТ тапсыруға міндетті емес. Бұл сынақтан тек жоғары оқу орнына түскісі келетіндер ғана өтеді. Алдағы жазда болатын білім бәсекесіндегі өзге де өзгерістерді тілшіміз айтып береді.

Сонымен түлектерді екі кезеңдік білім сынағы күтіп тұр. Алдымен қорытынды аттестаттау. Ол - бес пәннен, оның ішінде 4 міндетті және оқыту бейіні ескеріле отырып таңдау бойынша бір пәннен болады. Барлық емтихандар білім алушының өзі оқитын мектебінде шамамен  29 мамыр мен 9 маусым аралығында өтеді. 3 тақарыптың біреуін таңдап, эссе жазу. Қазақстан тарихынан билет бойынша, ауызша емтихан тапсыру. Әбден тест тапсырып үйреніп қалған оқушы үшін бұл білім сынағындағы жаңа өзгеріс.

Енді ҰБТ туралы. Форматы 2 блоктан тұрады: 3 міндетті пән бойынша 20 тапсырма және 2 бейінді пәннен 30 тапсырма. Оқушы берілген 120 тапсырманың жауабын 3 жарым сағатта табуы тиіс. Ал түлек максималды - 140 балл жинай алады. Яғни енді кейбір сауалдардың 2 дұрыс жауабы кездесуі мүмкін. Сондықтан балалар тест кезінде жауаптың екі нұсқасын да дұрыс деп санаса, ойланбастан белгілей беруілеріне болады.  Тағы бір жаңалық - Алтын белгі иегерлері және Халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздары ҰБТ тапсыруға міндетті.

Ендігі әңгіме колледж түлектеріне қатысты. Олар осыған дейін  ҰБТ кезінде  соңғы жылдарында оқымаған пәндері бойынша тестілеуге қатысып келген. Енді талапкерлердің колледжде оқыған білімі ғана назарға алынады.   

 ҰБТ-ға қатысу туралы өтініш 2017 жылдың 10 наурызынан 10 мамырға дейін қабылданады. ҰБТ өткізілу мерзімі - 20 маусымнан 1 шілдеге дейінгі аралық. Ал білім бәсекесінде жолы болмағандар үшін ақылы тапсыру мүмкіндігі ұсынылған. Ол тамыз айы мен 2018 жылдың қаңтарында өткізіледі.

Байланыс

Координатор: 8 (7282) 41 09 39

Жаңалықтар: 8 (7282) 41 09 52

Жарнама: 41 09 47, 41 09 49

040000, Талдықорған қаласы, Балапанов көшесі, 28.