Есенқұл әндерінен республикалық ән байқауы

27 февраля 2017
(0 голосов)

"Ел еркесі-Есенқұл" атты әншілер арасындағы  өнер додасы мәресіне жетті. Қарасай ауданында өткен ән байқауы бүгін қорытындыланды. Әділ қазылар, 80-дей қатысушыны бір күн бойы тыңдады. Іріктей келе, жоғары орындаушылық шеберлігімен дараланған 12 өнерпазды жеңімпаз деп таныды. Республика деңгейінде алғаш рет  ұйымдастырылған байқау жайлы тілші айтсын.

Аптаның алғы сөзі: «Ел еркесі - Есенқұл». Осындай атаумен ақпанның 23-24 күндері Қарасай ауданында ақын Есенқұл Жақыпбеков әндерінен алғаш республикалық ән байқауы өтті. Шараға 100-ге жуық өнерпаз тілек білдіріп, соның 80-ге тартасы Қаскелең қаласында ән сайысына түсті. Әділ қазылар, қатысушыларды бір күн бойы тыңдап, өнері асқан 12 жүйрікті тап басып таныды. Конкурсты көрген жұрттың пікірінше, табиғаты таза Есенқұл ақынға тән, жеңімпаздар да адал сұрыптаған. Байқаудың барысы мен марапаттың кімге бұйырғаны жайлы тілші айтсын.  

Лирик ақын Есенқұл Жақыпбековтің сырлы сөзіне жазылған ән әуезді саз, келісті орындалуымен де ерек болуы шарт. Бұл орындаушының өз қалауындағы әнге де қатысты. Сондықтан еліміздің түкпір-түкпірінен жиылған өнерпаздар мәдениет үйінің іші тұрғай сыртында да дайындалды. Қай-қайсысы да өзіне іштей сенгенімен, толқынысы басым. ОҚО-ның Созақ өңірінен келген мына әнші де даусын кенеп, кезегі келгенше әнін пысықтады.

 Елім деген ерді, есті ер таниды - дейді. Айта кету керек, Есенқұл ақынға арналған ән байқауын өткізуді Қарасай ауданының әкімі ұсынған. Қаржылай көмек көрсетіп, демеуші болып отырған да Махаббат Бигелдиев. Себебі Есенқұл Жақыпбеков жүректі тербеп, сезімге бөлейтін жырларымен поэзияда - ақпа, айтыста -шақпа ақын атанып, көзі тірісінде-ақ иісі қазақтың сүйіспеншілігіне бөленген. Ал ұлт өнеріне үлес қосып, адал болып өткен ер, естен кетпеу керек,- дейді ұйымдастырушылар.

Байқауда әрбір қатысушы екі әннен орындады. Талап бойынша, бірі ақын сөзіне жазылған ән болса, екіншісі өз таңдауы. Арасында ақын әнін орындағандар да, Есенқұл сөзіне ән жазғандар да болды. Зағип сазгер, талантты жас әнші Алғысбек Дәуенұлының ақынның «Өмір сүргім келеді» атты сөзіне жазған әні көптің ықыласына бөленді.

 Есенқұл Жақыпбек - қос ғасыр ат ауыстырған тұста көне мен жаңаның іргесін қосып, Жамбыл мен Мұқағали жырларының түйіскен нүктесіне өлең өлкесіндегі боз үйін тіккен ақын. Сондықтан да сұлу сөзден өрнек өретін ақынға арналған ән байқауын қорытындылау, сырлы жырмен басталып, бейнефильмге ұласты. Ізін басқан інілері Арнау айтып, ақын әруағына тағзым етті.

 Мұнан соң «Ел еркесі -Есенқұл» байқауының әділқазы алқасы ел алдына шығып, ән дүбірінің саралануын сөз етті. Жалпы, 80 қатысушыны сегіз күнде емес 1 күнде тыңдап, жүйріктерін іріктеу, қазылар алқасына оңайға түскен жоқ. Деседе шебер орындаушылық пен дауыс додаға түскен сайыста 12 өнерпаз іріктеуден сүрінбей өтті.
ЖАНАРБЕК ӘШІМЖАН, ҚАЗЫЛАР АЛҚАСЫНЫҢ МҮШЕСІ
Көп әндер бірін-бірі қайталады. Қалай болғанда да Е.Жақыпбеков шығармашылығы ұлттық нақышқа, ұлттық бояуға, дәстүрге жақындау болған соң, негізінен дәстүрлі әншілер көп келді.Таңдау жағынан қиыншылық туды. Сонда да қазылар алқасы өзінің ары мен ұяты жеткен жеріне дейін адал болды тап-таза. Өйткені Есенқұл Жақытбековтің өзі тазалыққа, әділеттілікке ұмтылған тұлға.

 Марапаттау рәсімі «Жаңа ән» аталымының жеңімпаздарын анықтаумен басталды. Бұл сында ақын сөзіне ән арнаған 5 өнерпаз жеңімпаз болды. Есенқұл Жақыпбекті поэзияда пір санайтын төл шәкірті - Елдос Үмбетәлиевтің әні де әсем сазымен дараланды.
ЕЛДОС ҮМБЕТӘЛИЕВ, «ЖАҢА ӘН» НОМИНАЦИЯСЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗЫ  
Осы додаға, дүбірге Есенқұл ағаның ән байқауына Есағаңның сөзіне жазылған «Жалған дүние» деген сөзге ән жазып, сол әннің «Жаңа ән» номинациясына ие болғаныма өзім қатты қуаныштымын. Онымен қатар Есағаңның сөзіне жазылған «Жақсы адамды жерлеу»  сөзіне тағы өзім орындап, әнін өзім жазғанмын.

 Байқауда жоғары орындаушылық шеберлігімен 3-ші орынды Ақтөбелік Мейіржан Самылтыров, Жаңыл Мерсімова, Жасұлан Мұсағали иеленсе, 2-ші орынды ШҚО-нан келген Әліби Қаниев пен Әділет Әбдікенов алды. 1-ші орын Қарасайлық Мұқатай Баймұхаметке бұйырса, Бас жүлде 300 мың теңге Қарағандылық Дінислам Жайлаубаевтың еншісіне бұйырды.
ДІНИСЛАМ ЖАЙЛАУБАЕВ, БАС ЖҮЛДЕ ИЕГЕРІ
Бір Алла деп келіп ұтып алдық. Көп байқауға қатысып, пісіп, соның нәтижесі ғой қаншама еңбек еттік.

 Айта кету керек, байқауды ұйымдастырушылар жеңімпаздардан бөлек, әрбір қатысушыға Есенқұл Жақыпбектің таңдамалы өлеңдер жинағын сыйға тартты. Ал ән додасын демеп, игі іске ұйтқы болған Махаббат Сәдуақасұлы, марқұмның жарына шапан жапты.
МАХАББАТ БИГЕЛДИЕВ, ҚАРАСАЙ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ
 Өмірін өлеңмен өрген өршіл ақынның рухын асқақтатқан кеш, гала-концертке ұласты. Жүзден жүйрік шыққан өнерпаздар мен өнер жұлдыздары Есенқұл әндерінен есте қалардай әндер әуелетті.

Жазира Исаева, Степан Мережко, Жетісу телеарнасы


Байланыс

Координатор: 8 (7282) 41 09 39

Жаңалықтар: 8 (7282) 41 09 52

Жарнама: 41 09 47, 41 09 49

040000, Талдықорған қаласы, Балапанов көшесі, 28.