"Алакөл барысы" турнирі

11 апреля 2017
(0 голосов)

 Алакөл ауданында қазақ күресінен "Алакөл барысы" турнирі өтті. Облыстық  жарысқа іріктеу болып есептелетін сайыста  кімнің бағы жанды. Жетісу бөрісінде аудан атынан кімдер өнер көрсетеді.

Алакөл барысына ауылдық округтерде қарсылас шақ келтірмеген жиырма жігіт қатысты. Шапан жамылып, шиыршық атып тұрғандарды алдымен аудан әкімі құттықтады. Аға буын өкілдері де шын мықты жеңіс тұғырынан көрінсін деген тілек білдірді. Артынша әнұран асқақтап балуандардың бәсекесі басталды. Боз кілемде аңдысып жүріп алмай, ұстасқан бетте   қарсыласын қапы қалдырғандар да кездесті. Әсіресе, өзінен  ауыр  салмақтағыларды алып ұрғандар жанкүйерлердің ыстық ықыласына бөленіп,  қошеметіне ие болды.    

 ӘСЕТ НҰРҒАЛИҰЛЫ ЕКПІНДІ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ
Жарыс өте жоғары деңгейде өтіп жатыр. Бұндай жарыстар бола берсін. Спортпен шұғылданған балалары ондық мұндық дегендей шалыс жолға түспейді.

Көрермендердің көпшілігі ақтық айналымға шыққан  балуандардың бәсекесін асыға тосты. Жүлделі орындарды Ербол Борашев пен Жомарт Болатханұлы және Тоқтар Қарқатеров   өзара сарапқа салды.  Алғашқы болып, Ербол мен  Жомарт  боз кілемде белдесті. Бұл сында Жомарт жеңімпаз атанды. Сөйтіп, 2484 әскери бөлімінің  атынан өнер көрсеткен Ербол Борашев  былтырғы нәтижесін қайталап, үшінші  орынды иеленді. Ал, бас жүлде өткен жылғы жеңімпаз Жомарт Болатханұлы мен  Тоқтар Қарқатеров  арасында өтті. Финалдық кездесуде  Тоқтар бүк ұпайыммен алға шығып, жарыс соңына санаулы секундтар қалғанда Жомартың жауырынын жерге тигізіп, таза жеңіске жетті. Осылайша бұл додаға алғаш рет қатысып отырған Тоқтар Қарқатеров Алакөл барысы атанды.   

Алакөл барысы биыл бесінші рет   ұйымдастырылып отыр. Осындай жарыстар  өскелең ұрпақтың  күрес өнеріне деген қызығушылығын арттырады,- дейді мамандар.

Сәуір айында Талдықорған төрінде Жетісу бөрісі өтеді. Өңірдің кіл мықты балуандары бас қосатын жарыста  Алакөл ауданының атынан Тоқтар Қарқатеров пен Жомарт Болатханұлы өнер көрсететін болады.
 

Байланыс

Координатор: 8 (7282) 41 09 39

Жаңалықтар: 8 (7282) 41 09 52

Жарнама: 41 09 47, 41 09 49

040000, Талдықорған қаласы, Балапанов көшесі, 28.