Қос балуанға құрмет

04 июля 2017
(0 голосов)

 "Қазақстан барысы 2017"  турнирінің күміс белбеу иегері Ұлан Рысқұл Талдықорғанға келді.  Жеңімпаз ұлды бүгін жерлестері әуежайдан күтіп алып,  құрмет көрсетті.

Осылайша Қазақстан барысы турнирінің күміс белбеу иегерін жетісулық жанкүйерлер ыстық ықыласпен күтіп алды. Қарсы алушылар қатарында Талдықорған қаласы  әкімі Бағдат Қарасаев бастаған жергілікті билік өкілдері де бар. Финалға шығып, жарыстың бас жүлдесі үшін таласта қарсыласқа есе жіберген Балқаш ауданының тумасына бүгін алғыс пен құттықтаулар айтылды.

Алматы облысының намысын қорғаған Жетісу бөрісі Александр Касачевқа да жұртшылықтың алғысы шексіз. Талантымен көзге түскен жас дарын ширек финалда сүрінді. Алайда, оның орнын Ұлан Рысқұлдың тамаша жеңістері толықтырды. Көпшілік Ұланнан тек бас жүлдені күткен болатын. Дегенмен, 5 жыл үзілістен кейін мұндай турнирде топ жарып, финалға жету Ұлан үшін алтын мен пара-пар.

Жетісулық балуан финалға дейін бар қарсыласын уақытынан бұрын таза жеңіспен ұтты. Алайда, көрерменнің делебесін қоздырған белдесу өзінің туған бауыры Алматы арланы Руслан Әбдіразақов арасында өтті. Ағалы-інілі палуандар арасындағы сайыс Ұланның пайдасына шешілген болатын.

Аламанның ажарын кіргізген Алматы облысының балуаны мен  Шығыстың тарланы 2013 жылғы қазақстан барысы Айбек Нұғымаровтың арасындағы жартылай финалдық күрес болды. Кездесу аяқталар тұста Ұлан ұтымды әдіс жасап, бас жүлдеге  негізгі үміткердің жауырынын жер искетіп, финалға жолдама алды.   

Ал, финалдық бәсекеге шыққан Ұланның қарсыласы Әскер барысы Еламан Ерғалиев болды. Еламанға бапкерлері көп үміт артқанымен көпшілік одан мұндай жетістікті күтпегені анық. Алайда, бабы мен бағы қатар шапқан 22 жасар балуан Ұланның алдын орап кетті.

Осылайша, қазақтың алғаш барысы Ұлан Рұсқұл күміс жүлде иегері атанды. Жетісулық балуан жарысқа тігілген  5 жарым миллион теңгені еншіледі. Ал, оның бапкеріне  бір миллион сегіз жүз мың теңге сыйақы берілді.  Айта кетейік, облыс балуандары үшін бұндай жетістіктің өзі - үлкен табыс.  Өйткені,  осыған дейін  7 рет ұйымдастырылған  айтулы додада  жерлестеріміз 3-4 ші айналымнан аса алмаған болатын.   Ербол Ілиясов Ғабит Қабдірахманов Жетісу телеарнасы

Байланыс

Координатор: 8 (7282) 41 09 39

Жаңалықтар: 8 (7282) 41 09 52

Жарнама: 41 09 47, 41 09 49

040000, Талдықорған қаласы, Балапанов көшесі, 28.