Бүгін Талдықорғанда "Рухани жаңғыру" аллеясы ашылды. Политехникалық колледж ауласындағы бақ Елбасының "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" мақаласы аясында  қолға алынды. "Туған жерге туыңды тік"  деп аталған акцияда оқушылар мен ұстаздар он түп алма ағашы отырғызып, алдына тақтайша орнатты. Мамандар  бұл шара  жастарды  достық пен  бауырмалдыққа және табиғатқа жанашырлықпен қарауға баулу мақсатында ұйымдастырылды дейді.  Кездесуде мәңгілік ел болудағы рухани жаңғырудың маңыздылығы, ұлттық сананы жаңғыртудағы жастардың рөліне баса назар аударылды. Басқосу соңы студенттердің  концерттік бағдарламасына ұласты.  Айта кетеу керек, политехникалық колледжде 1500ге жуық студент білім алып жатыр. 

Талдықорғанда ұстаздар күніне арналған мерекелік шара өтті. Облыс басшысы Амандық Баталов білім беру саласына үлес қосып жүрген барша мұғалімді құттықтап, жұмыстарына сәттілік тіледі. Ал оқу бәйгесінде оза шапқан ұстаздарды марапаттап, бағалы сыйлықтар табыстады.

Алматы облысында 33 мыңнан астам мұғалім бар. Олардың әрқайсысы  білімді әрі саналы ұрпақты қалыптастыруға үлес қосып келеді. Ұстаздардың жемісті еңбектерінің арқасында Алматы облысы білім беру саласында үздік көрсеткіштерге ие. Мәселен, былтырғы оқу жылында республикалық және халықаралық білім сайыстарында облыс атынан қатысқан 242 оқушының 100-ге жуығы жүлделі орынға ілінген.    

Талдықорғанда осындай атаумен  мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған мерекелік әрі спорттық-сауықтыру ойындары өтті. Қала әкімдігі мен спорт және дене шынықтыру басқармасының ұйымдастыруымен өткен шараға шаһардағы 100-ден астам тілі мүкіс, зағиптар мен арбаға таңылған мүмкіндігі шектеулі жандар қатысты. Оларға мерекелік концерт ұсынылып, саябақ маңайында арнайы пісірілген ыстық бауырсақ тегін таратылды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, жылда өткізілетін  мұндай игі істің негізгі мақсаты мүгедектерге қоғам назарын аудару, оларға мерекелік көңіл-күй сыйлау.

"Рухани керуен" жобасымен жолға шыққандар атбасын Панфилов ауданына тіреді. Аудан активімен кездесіп, концерттік бағдарламаларын ұсынды.  Жалпы керуен сапарындағы бұл жетінші аудан.  Рухани керуен аясында құрылған жұмыс тобымен біздің түсірілім тобы барып қайтқан болатын.
Ескерткіш елдіктің белгісі. Керуен кезекті сапарын Панфилов ауданындағы Желтоқсан құрбандары Ербол Сыпатаев пен Ләззат Асанованың ескерткіштерге гүл шоқтарын қоюмен бастады. Еске алып бір минуттық үнсіздік жарияланды. Сондай-ақ, «Рухани жаңғыру: ел ертеңінің бастауы» тақырыбында зиялы қауым өкілдерімен сұхбат жүргізілді.

Рухани жаңғыру - ел кемелдігі кепілі. Ұрпаққа бағытын нұсқауда - қарттар кеңесі "Темірқазық" іспетті. Бүгін Жетісулық зиялы қауым өкілдері мен еңбек ардагерлерімен кездескен облыс әкімі Амандық Баталовтың пікірі осындай. "Рухани жаңғыру" тақырыбы талқыланған тағылымды кездесу таза табиғат аясында, қалалық көшет бақ аумағында өтті.  Рухани жаңғыру - қоғамдық сананы жаңғырту. Ал, зиялы қауым - әлеуметтік санат. Қоғам пікір-пайымдарымен санасады. Айтқанына құлақ салады, сөзіне сенеді. Амандық Баталовтың Елбасының рухани жаңғыру идеясын ел сыйлаған беделді қарттармен талқылауының төркіні де осында. Жаңғырудың жай-жапсарын көпке насихаттар, үлес қосуға ұмтылдырар тәуелсіз күш иелері. Үлкен жағы бұл шақыруды қуана қабыл алыпты. Өткенде Жетісулық жастармен кездескен, енді аға буынмен кездесіп жатыр. Халықпен кеңескеннің ісі келелі,-дейді Еңбек Ері Күләш Айтжанова.

Биыл облыстық  ішкі саясат басқармасының құрылғанына 15 жыл. Осыған орай, бүгін Тіл сарайында жиын өтті. Онда мекеме құрылғалы бері атқарылған шаруалар кеңінен талқыланды.  Осы уақыт аралығында ұжымда 6 басшы ауысқан екен. Жиынның мақсаты олардың іс-тәжірбиесімен алмасу. Сонымен қатар, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласын талқылау. Осы орайда, бағдарламаны жүзеге асырудың жаңа жолдары айтылды. Жиналғандар сананың жаңғыруы, ұлттық код, латын әліпбиіне көшу мәселелері бойынша да пікір алмасты. Айта кету керек, ішкі саясат басқармасының ұйытқы болуымен жыл басынан бері 2 мыңға жуық шара ұйымдастырылды. Республикалық 108 жоба аясында жұмыс атқарып келеді. Бұдан бөлек те жасап жатқан шаруамыз көп -  дейді басқарма басшысы.

"Рухани жаңғыру" бағдарламасын жүзеге асыру бағытында әлі де болса белсенділік қажет. Бүгін аудан әкімдерімен өткен селекторлық кеңесте облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар осылай деді. Әрі мәдениет, білім, туризм басқармасы басшыларына қоғамдық сананы жаңғырту аясында атқарылып жатқан іс-шаралардың нәтижелі болуын қадағалауды міндеттеді. 

Жалпы, қазір өңірде 60 адамнан құралған комиссия тобы жұмыс істейді.  Бүгінде рухани жаңғыру бойынша газетке 700-ден аса мақала жарияланып, телеарна арқылы 100-ге жуық сюжет көрермен назарына ұсынылған. Бұдан бөлек, 100-деген мәдени шара өткізілді. Сонымен қатар, жиында мәдениет басқармасының басшысы Ақан Әбдуалиев облыста зерттеуді қажет ететін тарихи мекендер көп екенін тілге тиек етті. Соның бірі - Кербұлақ ауданындағы Малайсары петроглифтері.

 Облыстық кітапхана қызметкерлері бір күн бойы оқырмандарға далада қызмет көрсетті. Ал, қала тұрғындары таза ауада кітап оқып, рухани қуат алғандарына риза.  Бұл шаранаы өткізудегі мақсат - оқырмандар белсенділігін арттыру дейді ұйымдастырушылар.

Айнұр Иманбаева - Сәкен Сейфуллин атындағы облыстық кітапхананың тұрақты оқырманы. Күнделікті тірліктен қолы қалт ете қалса, осы жерден табылады. Тыныштықта отырып, сүйікті шығармаларын оқиды. Рухани азық алады. Көбіне көркем әдебиетті оқығанды жаны қалайтынын айтады. Әрі ашық аспан астында ұйымдастырылған шараға дән риза.  

Алакөлдің туристік әлеуетін арттыру үшін Алматы облысының әкімдігі қолдан келгеннің бәрін жасап жатыр. Демалыс орнындарының инфрақұрылымы реттеліп, сапаржай жаңартылып, жағажай дұрысталғалы жарнамалық шараларға да басымдық беріліп келеді. Өткен айда көл жағасында блогерлер басқосуы болып еді енді көңілділер мен тапқырлар сайысы өтті. «Алакөл алаулары» атты республикалық жазғы жайдарман  фестивалін көріп келген тілшіміз баяндайды.

Бұл көрермендердің ерекше қошеметіне бөленген "Тәтті" құрамасы". Алакөл алаулары республикалық фестивальының биылғы ең жас қатысушысы. Алғаш рет тәжірбиелі ойыншылармен сынға түсіп отыр.  11 мен 12 жас аралығындағы өрендер Алматы қаласындағы №182 мектептің оқушылары. Республикалық "Жайдарлы жасұлан" ойындарының екі дүркін чемпиондары.

Келер жылы ақын - Сара Тастанбекқызының туғанына 140 жыл толады. Торқалы той қарсаңында Мәскеуде қазақтың ақын қызы бейнеленген 12 туынды табылды. Картиналарды осыдан 50 жыл бұрын  ресейлік суретші Маргарита Ващенко салған екен. Ал, оны суретшінің қызы күні бүгінге дейін көздің қарашығындай сақтап келген. Күллі қазақ үшін қымбат дүниені Гелия Тимофеева Алматы облысынан барған делегацияға аманаттап тапсырды. Шоқан Уәлиханов пен Шәкәрім Құдайберұлының шағын мүсіндерін де қоса берді. Естеріңізге сала кетейік, Маргарита Ващенко 1960 жылдары Талдықорған облысының бас сәулетшісі болған. Сол жылдары қазақтың  көптеген танымал тұлғалардың бейнелерін картина бетіне түсірген екен. Жетісу жеріне келген тарихи туындылар енді ақынның туған жеріндегі мұражайда сақталмақ.

Туған жерге туыңды тік! Ақсу ауданы Қапал аулының 30 жыл бұрын мектеп бітірген түлектері туған жерінде бас қосып, ауыл ақсақалдарынан бата алды. Қара шаңырақта қайта қауышқан бұрынғы оқушылар ауыл тұрғындарына арнап ақ дастархан жайып, ас та берді. Елді мекендегі мүмкіндігі шектеулі балаларға қаржылай көмек көрсетіп, мәдениет үйінде мерекелік шара ұйымдастырды.

Туған топырақтан жыраққа кетіп, 30 жылдан соң қайта қауышқан түлектер ұстаздарымен бірге, ескерткіш тақтаға гүл шоқтарын қойды. Алды, еуропа, біразы Ресейде қызметте жүрген азаматтар. Бүгін түлеп ұшқан ауылдарында бас қосып, арқа-жарқа.   

Көксу ауданында "Туған жер" бағдарламасы аясында салынған фельдшерлік-акушерлік пункт бүгін қолданысқа берілді. Жаңа ғимратттың құрылысына 80 млн теңгеге жуық қаржы жұмсалған. Медициналық пукнт енді 1200 тұрғынға алғашқы көмек көрсететін болады. Мекеме күніне 30 адамды қабылдауға қауқарлы.

Көксу ауданы, Теректі ауылының тұрғындары үшін бұл күн - шаттыққа толы күн. Ауыл тұрғындары талай жыл арман еткен, медициналық пункт есігін айқара ашты. Теректіде 1200ден аса халық тұрады. Осыған дейін басы ауырып, балтыры сыздай қалса, аудандық емханаға қарай сабылатын. Енді қиындықтың бәрі артта қалды. Жаңа ашылған фельдшерлік-акушерлік пункт күніне 30 адамды қабылдай алады. Онда емделушілерге фельдшер, акушер және бала медбикесі қызмет көрсетпек.

Талдықорғанда Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы аясында рухани керуен жолға шықты.

Зиялы қауым өкілдерінен құралған топ өңірді аралап, ауылдағы ағайын тынысымен танысады. Сондай-ақ өздері де Президент мақаласындағы бағыттарды түсіндіріп, түрлі мәдени және рухани маңызы бар кездесулер ұйымдастырады. Рухани керуен құрамына әр түрлі саладан 50-ге жуық маман кіріп отыр. Сапар барысында жетісулықтар назарына сурет пен кітап көрмелері, концерттік бағдарламалар мен «Дертке дауа-һақ жолы» атты қойылымдар ұсынылмақ. Мұндағы мақсат Қазақстан халқының дәстүрлі рухани мәдениетін  ілгерілету, мемлекетіміздің рухани тірегі, дініміздің жалпыға ортақ адамгершілік қағидаларын насихаттау.

 Елімізде осындай атаумен жаңа жоба қолға алынды. Түрлі тақырыптарды талдайтын алғашқы еркін форматтағы жиын Талдықорғанда өтті. Оқушылар сарайында ұйымдастырылған шараға қоғам белсенділері мен зиялы қауым өкілдері қатысты. Қатарында А. Байтұрсынов атындағы тіл білімі институтының директоры Ерден Қажыбек, белгілі тележүргізуші, "Жетісу" теларанасының бас директоры Бейсен Құранбек, танымал журналист Есболат Айдабосын және "Астана" қаржы қорының атқарушы директоры Саясат Нұрбек бар. Олар Елбасының "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" атты мақаласындағы көрсетілген міндеттерді іске асыру бойынша ойларымен бөлісті. Нақты дәлелдер келтіріп, жобаның мән-маңызын түсіндірді.

"Рухани жаңғыру" бағдарламасын іске асыруда саннан гөрі сапаға жұмыс істеуіміз керек. ҚР Президенті әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Жайсан Ахметов  осылай дейді. Мемлекеттік инспектор Талдықорғандағы  «Рухани жаңғыру» сарапшылар кеңсесінде қонақта болды. Жас мамандармен кездесіп, атқарылып жатқан шаруалармен танысты. «Рухани қазына», «Тәрбие және білім», «Атамекен», «Ақпараттар толқыны» сынды бағыттардың орындалуы бойынша жастардың пікірін сұрады. Бұл кеңсе жобаны қадағалау, оны дамыту мен бақылау, сонымен қатар кеңес берумен айналысады. Алматы облысында қазіргі таңда  қоғамдық сананы жаңғырту бойынша 108 жоба қолға алынған. Оны жүзеге асыру үшін арнайы комиссия құрылған. Құрамында әр салада еңбек ететін  60 адам бар. Жайсан Ахметов  "Рухани жаңғыруды" науқандық жобаға айналдырмай, сапаға баса мән беру керектігін еске салды.  

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Жетісудағы жүздесу» жобасы басталды. Ол бойынша өңір тұрғындары өнер мен мәдениет  қайраткерлерімен кездеседі. Жобаның алғашқы қонағы КСРО халық әртісі, театр және кино тарланы Асанәлі Әшімов. Биыл 80 жасқа толған даңқты тұлғаға жетісулықтар қандай құрмет көрсетті. Кәмшат Мұхамеджан айтып береді.

 Өнер, Әшімовтың жұлдызын жақты, ал өмір  қатаң сынға салды. Асыл анадан, сүйген жардан, бауыр еті қос перзенттен айрылды. Қабаттаса келген қайғы-қасірет қабырғасын қайыстырса да, мойыған жоқ, сынбады. Сахнада талай ердің образын сомдаған тұлға өмірдегі рөлін шебер сомдай білді.  «Шарайна - шындық шебері» атты деректі фильмде актердің басынан өткен осынау трагедиялық дәуір айшықты кестеленген.

"Қоғамдық сананы жаңғырту" бағдарламасы сөзбен емес, іспен орындалуы керек. Ол үшін Алматы облысында өңірлік комиссия құрылған. Құрамындағы алпыс адам алты бағытта жұмыс жасайды. Осы арқылы Елбасының "Болашаққа бағдар: рухни жаңғыру" атты мақаласында көрсетілген тапсырмаларды жүзеге асыру көзделген.  Әсіресе, "туған жер" бағдарламасына қатысты бірқатар жобалар қолға алынбақ. Бүгін облыс әкімінің қатысуымен өткен жиында жоспарланған іс-шаралар айтылып, мақсат,міндеттер бекітілді.
"Туған жер" әніне бейнебаян
Туған жер - тұғырың,- дейді атам қазақ. Қадірін біреу білер, біреу білмес. Ал Президент айтады отансүйгіштік кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады. Сондықтан Елбасы "туған жер" атты бағдарлама жасауды ұсынған. Мәні мында.

Байланыс

Координатор: 8 (7282) 41 09 39

Жаңалықтар: 8 (7282) 41 09 52

Жарнама: 41 09 47, 41 09 49

040000, Талдықорған қаласы, Балапанов көшесі, 28.