Аңызға айналған Асанәлі

01 августа 2017
(0 голосов)

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Жетісудағы жүздесу» жобасы басталды. Ол бойынша өңір тұрғындары өнер мен мәдениет  қайраткерлерімен кездеседі. Жобаның алғашқы қонағы КСРО халық әртісі, театр және кино тарланы Асанәлі Әшімов. Биыл 80 жасқа толған даңқты тұлғаға жетісулықтар қандай құрмет көрсетті. Кәмшат Мұхамеджан айтып береді.

 Өнер, Әшімовтың жұлдызын жақты, ал өмір  қатаң сынға салды. Асыл анадан, сүйген жардан, бауыр еті қос перзенттен айрылды. Қабаттаса келген қайғы-қасірет қабырғасын қайыстырса да, мойыған жоқ, сынбады. Сахнада талай ердің образын сомдаған тұлға өмірдегі рөлін шебер сомдай білді.  «Шарайна - шындық шебері» атты деректі фильмде актердің басынан өткен осынау трагедиялық дәуір айшықты кестеленген.

 

АСАНӘЛІ ӘШІМОВ ҚР ХАЛЫҚ ӘРТІСІ, АКТЕР
Халықпен кездесіп қайтайын, жаңа шыққан фильмді мен өзім де бірінші көріп отырмын. Осы жерде премьера болды. Премьера  жасадық. Менің сыншым да, міншім де, жетістігімде барлығы халық. Халықтың берген бағасы, халықтың көзқарасы,залда отырған әр адамның көзқарасын байқадым маған деген. Сүйіспеншілігін, көңілін.

Қазақ театры мен киносын Асанәлісіз, ал, Асанәліні бұларсыз елестету мүмкін емес. Өнер әлеміне Асқар Тоқпанов жетелеп әкелген қарасұр жігіт бүгінде қаранар тұлға атанған. Кино мен театр сахнасында 100-ден аса кесек рөлді сомдады. Әуезовтың Абайында Керім, Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш-Баян сұлуында» Қодар, «Еңлік Кебекте» Кебекті ойнады. Кино әліміндегі алғашқы қадамы 1958 жылы «Ботагөз» романы бойынша түсірілген фильмнен басталды. Кейін «Транссібір экспресі», «Атаманның ақыры», «Сіз кімсіз КА мырза» фильмдеріне түскен. Ал «Қыз Жібектегі» Бекежан образы оның өнердегі паспорты іспеттес.

Халық әртісінің бүгінгі баға жетпес байлығы отбасы. Ізбасары жоқ емес, бар.  70-інде өмірге келген кішкентай Асанәлі бүгінде оннан асты.  Қазақтың қос Асанәлісін бағып-қағып отырған жары Бағдат.

БАҒДАТ ӘШІМОВА ЗАЙЫБЫ
Осындай кісінің етегінен ұстаған тағдырыма ризамын. Елдің азаматы болғаннан кейін, өмір бойы сахнада келе жатқаннан  кейін бұл кісіні үйде де алақанда ұстаймыз. Көңілі құлазымасыншы деп. Елдің алдындағы махаббатты үйде де көре берсінші деп тілейміз. Соған қызмет етемін.

Жетісуға келген абыз ақсақалды облыс басшысы Амандық Баталов ыстық ықыласпен қарсы алды. Асанәлі Әшімовпен алғаш кездескен сәттерінен естелік айтты. Мұнан соң аңыз адамның иығына шапан жауып, сый-сияпат көрсетті.


АМАНДЫҚ БАТАЛОВ ОБЛЫС ӘКІМІ  
 Жетісу жұртшылығының сізге деген ықыласы бөлек. Қайталанбас қолтаңбаңызды бағамдау, өнердегі баспалдақтарыңыз, өмірлік тәжірибеңіз қоғам үшін, кейінгі жас буын үшін аса қажет. Сондықтан мұндай кездесулердің маңызы зор деп есептеймін. Қазақ өнеріне қызмет ете беріңіз. Жасыңыз жүзге жетсін!

Көзі тірісінде аңызға айналған Асанәлі Әшімов бүгінде сексеннің сеңгіріне жетті. Ғұмырын өнерге арнап аттан түспей аянбай еңбек етті. Тиісті атақ пен абыройдан кем болған жоқ. Десе де ол үшін атақ пен марапаттың төресі-халық ықыласы. Бүгінгі кеште де Жетісу жұрты тарлан актерге алақанын аямай шапалақ ұрды, тік тұрып қошемет көрсетті.

КАМШАТ МУХАМЕДЖАН, ҒАБИТ ҚАБДРАХМАН ЖТ ТАЛДЫҚОРҒАН

Байланыс

Координатор: 8 (7282) 41 09 39

Жаңалықтар: 8 (7282) 41 09 52

Жарнама: 41 09 47, 41 09 49

040000, Талдықорған қаласы, Балапанов көшесі, 28.