Ұстаздарға құрмет көрсетілді

10 октября 2017
(0 голосов)

Талдықорғанда ұстаздар күніне арналған мерекелік шара өтті. Облыс басшысы Амандық Баталов білім беру саласына үлес қосып жүрген барша мұғалімді құттықтап, жұмыстарына сәттілік тіледі. Ал оқу бәйгесінде оза шапқан ұстаздарды марапаттап, бағалы сыйлықтар табыстады.

Алматы облысында 33 мыңнан астам мұғалім бар. Олардың әрқайсысы  білімді әрі саналы ұрпақты қалыптастыруға үлес қосып келеді. Ұстаздардың жемісті еңбектерінің арқасында Алматы облысы білім беру саласында үздік көрсеткіштерге ие. Мәселен, былтырғы оқу жылында республикалық және халықаралық білім сайыстарында облыс атынан қатысқан 242 оқушының 100-ге жуығы жүлделі орынға ілінген.    



Әкім кеңестік заманда маман боп қалыптасып, тәуелсіздікпен бірге келген заманауи білім беру технологияларын еш қаймықпай игерген ардагер ұстаздарға алғыс айтты. Олардың әрбір ісі жас мұғалімдерге үлгі-өнеге деді. Бүгінгі таңда облыста білім саласындағы оң өзгерістер жетерлік. Биылдың өзінде аймақта 35 мектеп тұрғызылған. Мұндай көрсеткіш бұрын соңды облыс тарихында болмаған. Биыл ғана жұмысқа кіріскен 1400  жас мамаға да барынша жағдай жасалып жатыр. Олар үшін пәтер алуда бірқатар жеңілдіктер мен  бір мезеттік материалдық көмек көрсету сияқты бірқатар игі істер бар.  

Амандық Баталов облыстағы білімді де, білікті 10 ұстазды құрмет грамотасымен, 16 мұғалімді алғыс xатпен марапаттады. Ал,  4-не әкім  Үздік педагог атағын берсе,  3-не Білім беру ісінің  үздігі деген медаль тақты.4 ұстазға ҚР Ғылым және білім министрлігінің арнайы марапаты  Ы. Алтынсарин төсбелгісін табыстады.  

Сонымен бірге, бүгінгі мерекеде, 6 номинация бойынша білім беру ісіндегі үздіктер анықталды. Ең үздік орта білім беретін ұйым номинациясы мен 20 млн теңгенің сертификаты Іле ауданының 26 орта мектебіне бұйырды.  Ал, жылдың ең үздік мұғалімі номинациясы мен Лада автокөлігінің кілті  Текелі қаласындағы  1 орта мектептің география пәні мұғалімі Молбаев Бақытжанға табысталды.

Одан өзге 40-қа жуық үздік оқытушылар облыс әкімінің арнайы марапатына ие болды. Сондай-ақ, үздік ауыл мектебі деп танылған Кербұлақ ауданы Қарашоқы орта мектебінің директорына 250 мың теңге табысталды. Үздік кәсіптік білім беру мекемесі мен үздік балабақша ұжымдары да ақшалай сыйлықпен марапатталды. Шара соңында ұстаздар қауымына арналған концерттік бағдарлама ұсынылды. Жергілікті және қазақ эстрадасының жас әншілері жырмен шашу шашып, мерекелік көңіл-күй сыйлады.

Ербол Ілиясов Жасұлан Шынкенже Жетісу арнасы Талдықорған қаласынан

Байланыс

Координатор: 8 (7282) 41 09 39

Жаңалықтар: 8 (7282) 41 09 52

Жарнама: 41 09 47, 41 09 49

040000, Талдықорған қаласы, Балапанов көшесі, 28.