Туған жерге туыңды тік!

14 августа 2017
(0 голосов)

Туған жерге туыңды тік! Ақсу ауданы Қапал аулының 30 жыл бұрын мектеп бітірген түлектері туған жерінде бас қосып, ауыл ақсақалдарынан бата алды. Қара шаңырақта қайта қауышқан бұрынғы оқушылар ауыл тұрғындарына арнап ақ дастархан жайып, ас та берді. Елді мекендегі мүмкіндігі шектеулі балаларға қаржылай көмек көрсетіп, мәдениет үйінде мерекелік шара ұйымдастырды.

Туған топырақтан жыраққа кетіп, 30 жылдан соң қайта қауышқан түлектер ұстаздарымен бірге, ескерткіш тақтаға гүл шоқтарын қойды. Алды, еуропа, біразы Ресейде қызметте жүрген азаматтар. Бүгін түлеп ұшқан ауылдарында бас қосып, арқа-жарқа.   



Ауылдағы мәдениет үйі -  алғашқы өнер баспалдағы. Түлектер оны еш ұмытқан емес. Балалық бал дәуренді еске алып, өнер ордасында қайта бой түзеді. Ұстаздары шәкірттерін көріп қуанса, шәкірттері ардақты ұстаздарына риза. Кешегі оқушы бүгін білікті маман. Оларды білім нәрімен сусындатқан аяулы ұстаздарының да көңілі тоқ. Осылайша, қос тарап  бір-біріне жүрекжарды лебіздерін жеткізді.

Жастары 50-ге таяса да түлектердің көңілі жас, кешегі мектеп оқушысы сияқты. Бала кезде өздері орындаған әндерді айтып, өнерлерімен бөлісті. Сахнаға көтеріліп мектеп вальсін биледі. Мәдениет үйіне келген жергілікті халық мұндай мерекелік шараға дән риза.  

Мерекелік шарадан бөлек, түлектер ауылдағы мүмкіндігі шектеулі 11 балаға да қайырымдылық көмек көрсетті. Арнайы қор құрып, оларға қаржы жинаған екен. Мәдениет үйіндегі мереке аяқталған соң түлектер ауыл тұрғындарына арнап ас берді. Ақсақалдар дүниеден өткендердің рухына құран бағыштап, осындай берекелі бастамаға ұйтқы болғандарға ақ батасын берді.
Ербол Ілиясов Әйбек Ақшолақов Жетісу арнасы Ақсу ауданынан

Байланыс

Координатор: 8 (7282) 41 09 39

Жаңалықтар: 8 (7282) 41 09 52

Жарнама: 41 09 47, 41 09 49

040000, Талдықорған қаласы, Балапанов көшесі, 28.