Жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығын тойлау 26 ақпаннан басталады. Елордада ертең түсте ақын ескерткішіне гүл шоқтары қойылады. Кейін Мемлекет басшысының қатысуымен мерейтойдың салтанатты ашылу рәсімі өтпек. Бұл жөнінде Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен өткен мемлекеттік комиссия отырысында белгілі болды. Мерейтойдың негізгі шаралары Алматы мен Жамбыл облыстарында өтеді. Мәселен Алматы облысында мерейтойға орай, Жамбыл ата кесенесін қайта қалпына келтіріледі. Жамбыл ауданы аумағы абаттандырылып, ақын атындағы көшелер жөндеуден өтеді. Сонымен қатар, мәдени шаралар да жоспарланып отыр. Аясында оқушылар арасында айтыс, термешілер байқауы, «Төгейін жырды халқыма» атты халықаралық ақындар айтысы ұйымдастырылады. Оған қоса, Жабыл Жабаев атындағы әдеби мемориалды музейінің жылжымалы көрмесі ел аумағын араламақ.