Өткенге құрмет - баршаға парыз

05 сентября 2017
(0 голосов)

Киіз үйді ішіндегі дастарханымен Іле өзенінің бергі бетінен арғы бетке өткізген бақсыны естуіңіз бар ма? Ел аузындағы аңызға сенсек, бұл қасиетті қара қобызымен аты алты алашқа тараған -Түктібай бақсы. Ал Ұлы Жібек жолы бойындағы Қастек қалашығы, байырғы бекініс турасында кім не біледі? Тарихи тұлғаларды танытып, ел мен жер қасиетін ұғындыратын мұндай игі іс бүгінде Жамбыл ауданында қолға алынып отыр. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында атқарылып жатқан жұмыстар жайлы

 Ақындар мен батырлар елі аталатын бүгінгі Жамбыл ауданы бұрыннан мұраға бай өлке. Мұнда Арасан-Қорасан, Әжібай әулие, Қараш баба, Бас батыр асуы сынды киелі-тарихи жерлер көп. Соның бірі -  Жамбыл мен Қызыл әскер ауылының ортасындағы Түктібай бақсы мекені. Киіз үй пішіндес бұл кесенені қазақ-қырғыз түгел біледі. Әруақты баба рухын қасиет тұтып, Қазақстаның түкпір-түкпірі мен көршілес елдерден зиярат етіп келеді.


ШОЛПАН ӨМІРҚҰЛҚЫЗЫ, ЗИЯРАТ ЕТУШІ /ҚЫРҒЫЗСТАН/
 Қара қобызымен халқының қамын күйттеп, намысын қорғаған Түктібай бақсы, Шапыраштының 50 бақсы, 80 ақыны бар Екей елінен шыққан. 17 ғасырдың аяғы мен 18 ғасырдың басында өмір сүріпті.


НҰРЛАН АЛПЫСБАЙҰЛЫ, ТҮКТІБАЙ БАҚСЫ ШӨПШЕГІ
Атамызға бақсылық қасиет 13 жасында қонған. Кейіннен түсіндегі аянмен осы қасиетті қобызын тауып алған. Қобызды атамыз аттың бәйгесіне қосқан. Зікір салып отырып, Іле өзенінің арғы бетіндегі киіз үйді ішіндегі асымен қосып бергі бетке өткізген. Кісілер емдеген. Тілеген тілектері қабыл болған. Өз көзімізбен көрдік талай адамға шипа болғанын


 Түктібай бабаның қара қобызы осы. Ғалымдардың зерттеуінше 3 ғасыр бұрын өрік тамырынан жасалыпты. 1988 жылы музейге алынып, белгілі себептермен ұрпақтары қайтып алған. Сонан бері киелі мүлік, бақсы кесенесінің шырақшысы болған ұрпақтары қолында.
 3 жылдан бері қазылып, зерттеліп жатқан мына тұс - Қастек қалашығының орны. Бестамақтың етегіндегі өрге орналасқан. Шошақ-шошақ мына төмпешіктер нақтысында бекініске ұқсайды.


БЕЙСЕНБЕК СМАҒҰЛОВ, ҚАСТЕК АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ
 Ал мына екі сайдың ауызындағы Сайауызда бұрын Ұлы Жібек жолының бір сілемі болған. Керуен жолмен саудагерлер Қырғыздың Белата асуын асып, Қашқарияға қатынапты. Онан бөлек Қарасай батыр туған Суықтөбенің бауыры, қасиетті Ақтас,  Сұраншы, Саурық, Сүттібай ерлер өмір сүрген бұл өңірде тарихи жерлер көп.


БЕЙСЕНБЕК СМАҒҰЛОВ, ҚАСТЕК АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ
 Тарихқа тағзым жасап, өткенге құрмет көрсету - өсер елдің еншісіндегі қасиет. Бұл тағлым ұлт болмасын ұлықтап жүрген Жамбыл ауданында жақсы жолға қойылған. Рухани жаңғыру аясында бұл өлкеден өнген азаматтар мешіт салып, ас беріп, өскелең ұрпаққа бабаларды танытып келеді. Сондай игі істің бірі - Сұраншы батыр ауылында өтті. Ел азаматы Қалматай Шәріпбаевтың 80 жылдығына орай, ас беріп, өнегелі өмірін сөз етті. Ауыл ақсақалдары киелі өңірдің өткенін екшеп, келешек буынға аманаттады.  


Жазира Исаева, Степан Мережко, Жетісу телеарнасы

Байланыс

Координатор: 8 (7282) 41 09 39

Жаңалықтар: 8 (7282) 41 09 52

Жарнама: 41 09 47, 41 09 49

040000, Талдықорған қаласы, Балапанов көшесі, 28.