Өткеннен сабақ алу – есті ұрпақ парызы. Қазақ тарихында “Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама” атауымен қалған алапат оқиғаға 300 жыл толды. 1723 жылы Тәуке хан қайтыс болып, Үш жүзден береке қашып, Қазақ хандығы әлсіреген тұс. Құба қалмақтар ел жайлауға көшер алаң-елең шақта тұтқиылдан шабуыл жасап, бейбіт елді аяусыз қырғынға ұшыратты. Қазақтың 100 мыңға жуық жауынгері ұрыс даласында қалды. Қорғансыз халық шығыны тіпті сансыз. “Абылай ханның айтуынша, әрбір 10 адамның 4і қаза тапты” деген сөз қалды. “Елім-айлаған” қазақ жұртына Жайықтың казак- орысы, Орал байқұрттары, Қоқан бектері, Бұқар мен Хиуа хандары аш бөрідей тұс-тұстан ауыз салды. Ұлтқа жер бетінен жоқ болып кету қаупі туды. “Қасіретті тарих- тағылым көзі”,- дейді тарихшылар. Атаулы датаға сәйкес, облысымызда түрлі іс-шаралар өткізіліп жатыр. С.Сейфуллин атындағы облыстық кітапхана осы орайда “Ақтабан шұбырынды,, Алқакөл сұлама” тақырыбындағы тарихи зерттеулер, көркем шығармалар көрмесін ұйымдастырды. Таяу күндерде қаладағы университет, колледж студенттерінің қатысуымен арнайы танымдық сағаттар өткізу жоспарда.
«Жетісу» телеарнасы 1999 жылы 28 сәуірде Алматы қаласында құрылды. Бастапқыда телеарнаның өз алдына жеке хабар тарату сигналы болмады. «Қазақстан» ұлттық арнасының эфирі арқылы аптасына бір сағат хабар таратты. 2003 жылы 19 мамырда №0001898 лицензиясын алып, дербес эфирге шықты.