Президент бүгін сондай-ақ, Талдықорған драма театрына келді. Сахна саңлағы Бикен Римованың бюстіне гүл шоғын қойды. Театр ғимаратын аралап көрді. Қасым-Жомарт Тоқаев осы жерге жиналған Жетісу облысының бір топ зиялы қауым өкілдерімен кездесті. Аймақтың бүгіні мен келешегі, жастар тәрбиесі туралы ойларын айтты. “– Біз еліміздің болашағы қандай бағытта дамитынын ойласақ, ең алдымен, жастарымызға көңіл бөлуіміз керек. Еліміздің болашағы жастардың қолында. Қай жерге барсам да, үнемі айтып жүрмін. Жастарымызды көзі ашық, көкірегі ояу, адал азамат етіп тәрбиелеуіміз қажет. Ал енді облыстың дамуына келер болсақ, өңірдің әлеуеті зор. Даму қарқыны жақсы, әлі де түйткілді мәселелер бар. Мен облыстың жағдайын жақсы білемін. Алдағы уақытта да назар аударамыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Кездесуге жиналғандар, елімізде атқарылып жатқан үрдіс-өзгерістер үшін Президентке алғыстарын айтты.
Қазақ елінің Көкбайрағы бейбіт аспанда желбірей берсін деген тілек айтты.