Қазақстанда жайлы мектептер салуға республикалық бюджеттен 2,3 триллион теңге жұмсалады. Бұл туралы Үкімет отырысында Оқу-ағарту министрі айтты. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы оқушылар орны тапшылығын шешуге, апатты мектептер мен үш ауысымда оқытуды жоюға бағытталған. Ғани Бейсембаевтың сөзінше, 2024-2025 жылдары 740 мың орындық 369 мектеп ашу жоспарда. Биыл 217 мектеп қолданысқа беріледі. Оның үстіне 163-і ауылдық жерлерде салынады. Премьер-Министр «Жайлы мектепті» мектепке аса мұқтаж өңірлерде салу қажеттігін баса айтты.