Жамбыл облысында ірі өрттің алдын алу жұмыстары жүргізілуде. Өрт ошағы аэровизуалды тексеру кезінде Сарықоба орманшылығында анықталды. Көлемі 2 мың гектарға жуық құрғақ шөп өртке оранды. Апат Луговое орман шаруашылығы мен Т.Рысқұлов аудандарына өтіп кеткені белгілі болды. Тілсіз жауды сөндіруге 240-тан астам адам мен 50 техника жұмылдырылды. Олар 1800 гектар жерді шарпыған табиғи өртті оқшаулады. Елдімекендерге қауіп жоқ.