Алматы облысында туысқанын құжат бойынша жұмысқа алып, 14 миллион теңге қаражатты өз пайдасына жаратқан лауазымды тұлғалар әшкере болды. Осыған қатысты Балқаш ауданының балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры мен орынбасары және дене шынықтыру кешенінің меңгерушісіне қатысты қылмыстық іс қозғалды. Тергелуде қазір. Бұл туралы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі отырыста белгілі болды. Өңірдегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі бірқатар салаға тексеру жүргізіп, 27 қылмысты анықтапты. Оның 1-і білім саласына қатысты. 8-і пара беру және алу фактісі бойынша тіркелді. Нәтижесінде 12 адам заң аясында жауапқа тартылды.