Биыл Райымбек ауданында картоп алқабы 5 жарым мың гектарға жуықтады. Жергілікті диқандар шамамен 120 мың тонна өнім алуды жоспарлап отыр. Әзірге картоп жинау науқаны 80 пайызға орындалған. Қалғанын қазан айының 25-іне дейін аяқталмақ. Айта кету керек, Райымбек ауданында картоп өсірумен 200-ден аса шаруа қожалығы айналысады. Бірі – Текеске қарасты Тегістік ауылында орналасқан «Алтын дән» ауыл шаруашылығы серіктестігі. Қожалық өндіріспен қатар көкөністің жаңа сорттарын шығаруға маманданған. Кәсіпорын басшысының айтуынша, көктемде мұнда картоптың Голландиядан әкелінген «Артемис» және «Аризона» элиталық сорттарының 40 тонна тұқымы егілген.